Жанарбек Ақыбиұлы, альпинист, халықаралық дәрежедегі спорт шебері: Бесбоғдадан ата жұртыма көз саламын


Уақыты:2009-11-01
– Сіз – қазақтың қара шаңырағы – Қазақстанның тыс жерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың бірісіз. Қазақ ежелден тау құмар, яғни, қазаққа тау таңсық болмаса да альпинизммен айналысып атын шығарғандар некен-саяқ екен. Сіздің бірнеше елдің биік шыңдарын бағындырғаныңызды білеміз. Қиын да, азабы көп спорттың бұл түріне қалай құмарттыңыз?


Мен
Баян-Өлгей аймағының Сақсай деген сұмынында (ауыл) туып-өстім. Сол ауылдың
мектебінде біліп алдым. Мектеп бітірісімен Түркияның Стамбұл қаласына барып
бірнеше жыл діни медіреседен білім алып елге оралдым. Байқасам, діни білім ең
бірінші өзіңе керек екен. Тек діни сауатпен қалғым келмеді, тағы да заманауи
мамандықты игеру керектігін түсіндім. Бала күнімнен спортқа жаным құмар
болатын, сондықтан осы салаға баруды жөн көрдім. Ақыры, Моңғолияның астанасы – Ұланбатырдағы
Шонқыр жоғарғы оқу орнынан спорт пәнінің мұғалімі және жаттықтырушы деген қос
мамандық бойынша диплом алдым. Содан бері өз қаламыз – Өлгейдегі №1 аға
мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Менің туған
өлкем Сақсайды айнала биік-биік таулар қоршап тұр. Бала күнімнен зорайып
тұратын осы тауларға шығуға асық болдым. Тауға өрмелегім келіп тұратын. Бір
тауға шығып келіп үйге мақтанып айта беретінмін. Сол кезде әкем «тауға шықсаң
сергек боласың, алысты биіктен алақандағыдай көресең, төңірек керемет көрінетін
шығар, ә! таудағы жусанның жиі қандай тамаша!» деп мені үнемі қолпаштап дем
беріп отыратын. Әкемнің осы сөздері менің альпинист болуыма бірден бір себепкер
болды ғой деп ойлаймын. Мен әке сөзімен қиялдап, қанаттанып өстім. Егер әкем
«тауға шықпа, құлап өлесің» деп қорқытып, тыйып отырса, бәлкім, бұл спорт
түріне жолмас па едім?!


Бала күніммен спортты құмартып өстіп деп отырсыз ғой, альпинизмнен бұрын
қандай спорт түрімен айналысып едіңіз?


Ең
бір жақсысы, біздің ауыл мектебі спорттың түрлі саласы бойынша үйірмелерінің
көптігімен қызықты болатын. Оқушылар облыс бойынша да спорттың әр түрінен жүлдемен
оралып келіп жататын. Мен өзім мектеп қабырғасында күреспен шұғылдандым. Бір
қызығы, бізді жаттықтырушымыз самбо, дзюдо және еркін күрестің айла-тәсілдерін
бірге үйрететін. Сабақтан шыға салып спорт залға қарай құстай ұшатынмын. Аймақ
бойынша апта ай сайын жарыс болады да, бізді сонда тұрақты қатыстырып тұратын.
Сізге мақтанып отырғаным жоқ, әр барған сайын жүлдемен оралып, ата-анамды,
ауылымды қуантып тастайтынмын. Мектеп қабырғасында-ақ өңірге танымал палуан
болдым десем мені мақтанды демегейсіз.


Шымыр денеңізге қарағанда,
расымен солай болған сияқтысыз. Өзіңіз айтқандай, ата-анаңыз да сіздің спортшы
болуыңызға бағыт берген сияқты ғой?


Оныңыз
рас. Тура солай. Әкем Ақыби Момбайұлы ауылда мәдениет үйінің меңгерушісі болып,
ұзақ жылдар еңбек етті. Бар ғұмырын өнерге арнады. Өзі сондай ұлтшыл болатын.
Балаларына ұлттық өнерді, салт-дәстүрді білуді міндеттеді. Алланың берген
ғұмырында өз ұлтының ән-күйін сахна төрінде асқақтап, көрерменнің ыстық
ықыласына бөленіп өтті. Әрі сазгер болатын. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның
хаты өлмейді» демекші, соңына 50-дей ән қалдырды. Сөзін де, әнін де өзі жазып,
сахнада өзі орындай беретін. Оған бір мысал, ауылдастарымыз әлі күнге дейін
күліп айтып жүретін бір қызық оқиғаны айтып берейін. Кезекті бір концертте әкеміз
жаңа туған әнін орындауы керек екен. Концертті жүргізуші қыз былай хабарлады:
Орындалар әннің атын айтып алып, «сөзін жазған Ақыби, әнін жазған Ақыби,
орындайтын Ақыби» деп залды қыран күлкіге бөлегені бар.

Анамыз ауылдағы бала бақшаны
басқарып, ұзақ жылдар уақытын сәбилермен өткізді. Біз – отбасыда тоғыз баламыз.
Мен үш ұлдың ортаншасы болып өстім.


Былай қарасаңыз көп жағдайда спортпен айналысқан балалар тентек, сотқар
болады. Сіз ондай болған жоқсыз ба?


Әкем
ұзақ жылдар өнер саласында жүрді деп жаңа айттым ғой.  Көпті көрген жан еді, балаларына өте жұмсақ болды.
Сол мінезін жақсы пайдаланған мен қатты тентек болдым. Сотқар десем, нақақ
болатын шығар. Тентек дәуренімде ит көйлекті бірге тоздырған достармен бірге не
істемеді дейсіз. Жайлаубай, Ақан, Саят деген достарыммен «кәпірлермен соғысамыз»
деп көшеде көзімізге көрінген басқа ұлттың балаларын сабап қоя беретінбіз.
Сәбит деген досым екеуміз елдің өрістегі сиырын атқып мініп ойнаушы едік.
Ата-анамыз жазаласа да жүрегімізге тимейтін біз бір суға батпайтын, отқа
жанбайтын «батырлар» едік. Есейе келе өмір бәрімізді өзгертті. Ұстаздарымыз тентектігімізді
спортқа бұра білді. Әйтпесе, қазір кім болып қайда жүретінімізді бір Алла
білер. Бір таң қалатаным, әлгі тентектердің бәрі де әдеби-көркем кітап оқитынбыз.


Жәке, осы күнге дейін
кәсіби альпинист ретінде қандай тауларды бағындырдыңыз?


Тянь-Шань,
Кавказ, Алтай, Хангай сынды әлемге аты мәшһүр таулардың биік шыңдарын бағындырдым.
Өз еліміз – Моңғолияның барлық шыңдарына аяғым тиді. Тіпті кейбіріне бір жылда
бірнеше рет барған кездерім болды.


Жалпы альпинист болуды
армандаған адамның бойында қандай қасиеттер керек?


Басқа
спорт түрінде сен бір адаммен бәсекеге түсесің. Яғни, қарсыласың бар. Ал
таушылардың қарсылысы – теңдесі жоқ алып күш иесі табиғат. Мәселен, таушы тауға
өрмелеп бара жатқанда қас-қағымда-ақ ауа-райы құбылуы мүмкін. Сондықтан
альпинист асқан жылдамдықпен әрекет істей білуі керек. Бет қаратпайтын қарлы
бұрқақта өз-өзіңе қорғаныс жасай отырып жүру, ықтасын жер табу, шатыр тігу
секілді әрекеттерді  жасауға қажырлық
қажет. Жалпы ауа-райын алдын ала сезе білетін қасиет те керек. Аспандағы бұлттарға
қарап-ақ оның саған не әкеле жатқанын түйсігесің. Бұлт жаңбыр сыйламаса,
міндетті түрде жел соқтырады. Бұлттан шыққан жел тауға соғылып, саған алапат
күшті екпінді соққы болады. Міне, сен нағыз таушы болсаң, осыған қарсыласып
көр! Сезімталдық, төзімділік, сабырлылық, қайраттылық, ең бастысы, жүректілік
айтпаса да таушы адамның бойында болуға тиіс мінез.


Табиғаттың тосын мінезі сізге
кездесті ме?


Ең қауіпті спорт түрі қайсы деген Америка
журналистерінің сауалы тау спортының қатері көп екенін анықтаған. Сәті келгенде
бір соққымен  талдыратын бокстың өзі он
төртінші орынға ілініпті. Міне, осыдан-ақ тау спортының қандай қиын әрі ауыр
екенін бағамдай беріңіз. Көбінде альпинистердің терісі сыдырылып жатады. Ең
қауіптісі, өрлеп келе жатқанда жоғарыдан қар көшкіні құлап басып қалуы мүмкін.
Аса биікте оттегі жетіспей, тұншығып қалуың да ғажам емес. Кәдімгі ауа биікте
аз болады. Сондықтан 7000
метр жоғары биіктікте таушылар жасанды оттегі
пайдалануға мәжбүр болады. Аңғар деп атаймыз, мұз жарықтарына түсіп өлген адам
қаншама. Тіпті қатты суықта үсіп өліп те қалады. Өмірің арқанға байланған. Оның
да мықтылығын жиі тексеру қажет. Жел де ұшырып әкетеді. Таушыға әр сәт, әр
қадам сайын қауіп кезігеді. Сондықтан байсалдылық, тиянақтылық – үйге тірі
оралудың кепілі.


Альпинист тауға шығарда
қандай сезімде болады?
 Тауға шыққанда бірінші не ойына
оралады?


Менің
көп шығатын тауым – Моңғолияның ең биік тауы Бесбоғда. Оның оң жағы – Қытай, сол
жағы – Ресей, батысы – Қазақстанмен шекараласады. Сондықтан алыста болсада ата
мекенім – Қазақ елінің шекарасына еріксіз биіктен мұнартып көз саламын. Қазақстан
жақтан манаурап аппақ қарға оранған егіз екі тау көрінеді. Соған телміріп көп уақыт
қарап тұрамын. Оның етегінде оңтүстіктен солға қарай бүйрек секілді көл көзіме
жылы ұшырайды. Аталармыз айтып жүретін Марқа көл шығар деп көз тігемін. Содан
сағыныш толы кеудемді еріксіз Қытай жағына бұрамын. Осы кезде көзіме мөлдіреп жас келеді. Бабаларымның
«Ағажай Алтайдай жер қайда-ай?!.» деп
ұрпағын аман сақтап қалу үшін моңғол даласына келгені ойыма оралады. Кәсіби
таушымын деп отырған менің өзім нағыз альпинистің құрал-сайманымен мұзарт
шыңдарға әрең шықсам, ал ата-бабам қолында қамшыдан басқа ештеңесі жоқ бұл
таулардан асып мені қасіретті қатал тағдырдан аман алып қалды ғой деп ойлаймын.


Моңғолияның президентін
тауға ертіп шыққаныңызды баян-өлгейлік қандастар мақтанышпен айтады екен.
Моңғолияның қай президентін қай тауға ертіп шығып жүрсіз
?


Шыңғысхан
іргетасын қалаған моңғол мемелекетінің 800 жылдық торқалы тойын 2006 жылы
ЮНЕСКО көлемінде тойлап өттік. Осы тойға орай ел президенті Моңғолияның мәңгі
мұз басып жатқан ең биік шыңына шығатын болды. Президентті шың басына алып шығу
(жол салу, қорғаушылық қызмет атқару) республикалық Тау спорты комитетінің
бастығы Ж.Баянцаган төрт бірдей таушыға сеніп тапсырды. Осы төрттің ішіне
жергілікті спортшылар ішінен мені қосқанына қуандым. Моңғолия басшысы және үш
парламент мүшесі бар жалпы саны 41 адамды мұзарт шың басына шығардық. Сол шыңға
«Ұлы Моңғол» деген жаңа ат беріп те оралдық. Содан кейін, моңғол халқы өте ырымшыл ғой, спортшылары
өткен жылы өткен Бежің олимпиадасына апаратын ел байрағын мұзарттың ең биік
шыңына шығаратын болып шешті. Бұған елбасы Н.Энхбаярдың өзі бастама көтерген.
Ол кісі өзі тағы да шыңға шықты. Бұл жолы мен осы бір оқиғаны мәңгілік тасқа
басып қалдыратын деректі филім тусіруші операторды қорғап алып шығу міндетін
атқардым. Еңбегіміз жемісті болды. Сол жолы ел президентімен бірге шың басында
желбіреткен байрағымыз Бежің олимпиадасында екі мәрте көкке көтерліп, Моңғол
елінің ән ұраны шырқалды. Ел тарихында екі алтын медаль алған сол олимпиада
алтын әріптермен жазылды.


Жерлестеріңіз Моңғолия
тауларын бағындыруға келген әлем таушылары да сізбен бірге жүруге құштар деп
мақтанады екен…


Моңғолдың
мұз басқан мұзарт шыңдарын бағындыру үшін әлем таушылары жиі келеді. Елдің,
жердің жайын білген соң олардың
экспедициясын ұйымдастырып беремін. Моңғолдың барлық биік шыңдарына
20-дай елдің спортшыларын бастап ертіп апарыппын.


Оларға өзіңізді кіммін деп
таныстырасыз? Қазақпын деп айтасыз ба?


Әрине!
Енді кіммін деп айтамын?! Әр уақытта өзімді Моңғолияның қазағымын деп таныстырамын.
Тіпті оларға қазақтың басынан өткен қасіретті тағдырды да айтудан жалыққан
жоқпын. Біздің жер бетінде ұлт болып қалғанымызға бастарын шайқап қатты қайран
қалып жатады.


Қазақстан атынан шың
бағындырып жүргендермен карым-катынасыңыз барма?


Әзірші
жоқ. Тауға өрмелеп жүрген бір қазақ болса да іздеп таба алмай жүрмін! Моңғолиядағы барлық таушылармен
және әлем елдеріндегі таныс таушылар жылда өздерінің бағындарған тауларының
суретерін салып, мереке сайын хат алмасып хабарласып тұрамыз.


Өзіңіз құрмет тұтатын
ұстаздарыңыз немесе үлгі тұтатын таушыларыңыз бар ма?


Алғашқы
ұстаздарымның бірі Ж.Баянцаган, Моңғолияның алғашқы әйел таушысы С.Зая, аға
таушылар Бат-Оронго, Ж.Қайролла, Д.Чадрабаал, Д.Чагна сынды аға буын өкілдерін үлгі
тұтамын.


Біржолата альпинизммен
айналысу күн көріске кері әсерін тигібей ме?


Жеке
басыма келсем, әр шыңды бағындыру үшінгі қажетті қаржыны демеушілер арқылы
табамын. Жалпы альпинизм – қаржыны мол талап ететін спорт.


Егер ақшасы көп демеуші
табылса қандай тауларды бағындырғыңыз келеді? Бұрын ешкім шықпаған шыңға шығу
ойыңызда бар ма?


Әрине
альпинизм демеушілікті талап етеді. Әлемде сегіз мың метрден асатын он төрт шың
бар. Әр таушының арманы осы шыңдардың барлығын бағындыру. Бұлар негізінен Непаль
мен Тибетте орналасқан. Менің де арманым – осы. Ендігі жоспарым – ата мекенім –
Қазақ елінің  барлық шыңдарын бағындырып
шығу. Оны қаржы мен уақыт шешеді.

Әңгімелескен Ерасыл Мақажан

 

Өмір-дерек:

Жанарбек Ақыбиұлы 1974 жылы Баян-Өлгей
аймағында дүниеге келген. Тау спорты бойынша халықаралық дәрежедегі спорт
шебері. Моңғолия Ұлттық олимпиада комитетінің алтын медалымен, Моңғолия Спорт
комитетінің «Құрмет» төс белгісімен, республикалық ұстаздар ұйымының «Алтын
білім» орденімен, Моңғолия жастар ұйымының «Спорт даңқы» белгілерімен және Баян-Өлгей
аймақтық «Ең таңдаулы спортшы» атағының иегері. Баян-Өлгей аймақтық тау
спортының топ басшысы.

 

Жанарбек жайлы жылы лебіз:

  • «Жанарбекпен өте аз күн
    бiрге болғанда оның бойынан өте көп талант қасиеттерін байқадым. Ол – шебер
    өрмелеуші. Мықты жол бастушы. Әрі елпек, бірге жүрген адамды жалықтырмайтын
    әзіл-қалжыңына, ән-күйіне таң қалдым.  Ол
    нағыз азамат»

Риган, Канада азаматы.

  • «Біз жапондықтар
    Жанарбектiң әнiнiң сөзiн түсінбесек те, вальс билеп кеткенімізді байқамай да
    қалыптық. Бұл неткен зор үн»

Ико Ито, Жапония азаматы.

  • «Мұсылмандық тәртiп пен
    мұсылмандық мейірiм дәл Жанарбектiң бойындағыдай болса, әлемде ешбір адамның қаны
    төгiлмес еді»

Игорь, Израиль азаматы.

 

Advertisements

Janarbek

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s