Жанарбек Ақыбиұлы – Наурыз атауын парсыларға телудің қажеті жоқ! Наурыз қазақтың Нәрлі уыз сөзінен шыққан


 – Моңғолиядағы қазақтар үшін кең көлемде тойланатын мереке қайсы?
– Әрине бұндағы қазақтар үшін де кең көлемді тойланатын көктемнің алғашқы тойы – Наурыз мерекесі. Бұл күні Моңғол еліндегі барлық қазақтарға ел көлемінде 1-3 күндік демалыс беріліп, Наурызды еркін тойлатуға мүмкіндік жасалған. Әркім әр жерде өз шама шарқынша Наурызды тойлайды.

– Моңғолияда Наурыз мерекесі қашаннан бері тойланып келеді? 
– Моңғол елі Қазақстандағыдай орыстық қызыл кезең дәуірді басынан кешірді. Қазақстанда ұлттық дәстүр мен дінге қалай тыйым салынса партия тарапынан моңғол мен Моңғолиядағы қазақтың барлық дәстүрлері ескінің қалдығы ретінде қатаң шектеді. Соның бірі бізге Наурыз тойлауға мүмкіндіктің берілмеуі еді.
Дей тұрғанмен, Моңғолия қазақтарында тау-таста мал бағып мекен ететін қыңыр мінезді шалекеңдер өлісіне жасырын құран оқыса, Партияға жан тәнімен берілмейтін жағымпаздығы жоқ жандар бір-біріне сеніп бас қосқанда, той-томалақты атап өткенде қазақы салт-дәстүрдің ырымын жасап, ұрпақ санасына құйып отырды. Бәлкім осының нәтижесі болар 1990 жылы Моңғол елі егеменді ел болып, ел көлемінде Кеңестік биліктің тікенек торы жиылысымен-ақ қазақтың салт-дәстүрі лезде жанданып шыға келді. Наурыз мерекесі 1990 жылдардан бастап қайта түрленіп, ресми түрде тойланып келеді.
Моңғол елінде қазақтар көп шоғырланған өлке Баян-Өлгей аймағында Наурыз былай тойланып жүр. Наурыздың 21-і қазақша күрес және қазақтың ат спорт ойындары өтіп, жеңімпаздар анықталады. Ат ойындарынан Көкпар, Қыз қуу, Теңге ілу және Аламан бәйге жарыстары болады.

Наурыздың 22-сі таңғы хабарда бүкіл ақпарат құралдары арқылы Моңғол елінің президенті міндетті түрде Наурыз мерекесімен қазақ ұлтына құттықтауын жолдайды.
Баян-Өлгей аймағының орталық алаңында аймақ әкімшілігінің жоспарына сай барлық үкіметтік ұйымдар киіз үй тігіп, келген халыққа дастарқан жаяды. Наурыз көжелерін ұсынады. Әрбір киіз үйде қазақ ұлтының салтын насихаттайтын қойылым қойылады. Бірі тұсаукесер өткізсе, бір келін түсіріп, енді бірі сүндет тойын жасап жатады. Қолөнер шеберлері өздері істеген бұйымдарынан көрме ұйымдастырса, қалған мемлекеттік ұйымдар Моңғолия қазақтарының салт-дәстүрін көрсететін және тарихи дәуірінен көрініс беретін шеру ұйымдастырады. Шеруде міндетті түрде қазақтың ұлттық киімін кию қажет. Шеруде қазақтың барлық мезгілдегі киімдері және әр дәуіріндегі Моңғолия қазағының жасампаздық істері көз алдыңыздан жүріп өтеді. Сонымен қатар шеруде түйелі көш, мал айдаған малшы, бүркіт ұстап саятқа кетіп бара жатқан құсбегілерді көре аласыз. Бұл шаралар 22 наурыз күні танғы сағат 8.00-мен 14.00 шамасына дейін жалғасып жұрт үйлеріне тарайды. Әр бір үй міндетті түрде дастархан жайып ет асылып, көже пісіріледі. Ең алдымен ауылдың ең үлкендерінен бастап қыдырып, туыстар осылай бір-бірінің үйінен дәм татысады. Ақ баталарын жаудырып, сый-сыяпаттарын ұсынады. Кеште өнерпаздар халыққа әннен шашу шашады.

– Ұлыстың ұлы күніне өз тарапыңыздан түсінік бере кетсеңіз?
– Қазақ жерін тартып алып өзі қашан да бір дау тудырып, әр кез аяққа оралмас үшін қазақ атаулыны, оның мәдениеті мен этнографиялық-этникалық құндылықтарын қандай бір жолмен жоқ қылғысы келді. Шамасы жеткенше қазақты қырды. Қалған қазаққа «сендерде тарих болған жоқ, жазу болған жоқ» деген теріс пікірді сіңірді, жанды қуыршақ, мәдениет сыйлаған ел деп табынатын деңгейге жеткізді. Қазақ елі 1991 жылдары егемендік алысымен, өз тарихын түгендеп, өткеніне оралып, құнды бұлақ көзін арши бастады, әрине, нақты деректерге сүйеніп..
Енді сұрағыңызға келсек, Наурыз атауын парсыға келіп тірей салар телме әдеттен аулақ болған жөн… Қазақтың сөзін басқадан емес қазақтың өзінен тіпті қазақтың сайын даласынан іздеген абзал. Қазақтың ежелгі бабаларында Күн, жылтізбесі болған. Қазіргі бізге жеткен жылтізбеде 12 жыл аң, құстың атымен аталып жүр. Ал қазақ даласынан табылған археологиялық қазбаларда, тіпті анау Есіктен табылған Алтын адамның бір өзінен қаншама аңның мүсін-бейнесі табылды. Бұлар ежелгі бабалардың күнтізбесімен еш байланысы жоқ дей алмаймыз, әлі де зерттеуді қажет етеді. Мәселен, Алматының Аңырақайға жақын «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық мұражайы шатқалындағы (біздің заманымызға дейінгі 2000 жылдар) күн басты адамдарды ежелгі бабалардың Күн, жылтізбесімен байланыстырмау мүмкін емес-ау. Әр түрлі тарихи жазбаларда ежелгі түркілердің шырша тойы және Наурыздағы тойлары жайлы аңыз әңгіме және деректер ұшырасып жатады.
Бұларға қарап Наурыз ешқайдан келген жоқ, Наурыз қазақ даласында әлмисақтан тойланып келе жатқан ұлы мереке екеніне көз жеткіземіз. Атауына қарап, парсы халықтарына тән деп біржақты шешім жасау – үлкен қателік. Себебі көктем мерекесі, ұлы бабалардың жаңару жаңа күн мерекесі. «Ұлыс оң болсын!» дейміз. Осының өзі көк түркілік мерекенің бір атауы – Ұлыстың ұлы күні! Кейінде ну (мол) ырыс мағынасына келетін парсы сөзі «Наурыз» кіріккен де, өз тіліміздің ыңғайына қарай, дәстүрлі қағидат негізінде қабылдап кеткенбіз.
«Наурыз» атауына келсек қазақ даласындағы көнеден бізге жеткен таңба белгілерде бабалардың жер жыртып жүргенін көрмейміз, есіне төрт түлік мал суреті молынан кезігеді. Қазақ малының өрісі мен жылқысының тұяғы тиген жердің барлығы қазақтың жері болған. Қазақтың ежелгі бабалары ежелден мал бағып өмір сүрген халық. Ауа райының құбылысын далада мал баққан дала философы – малшы қауым жетік меңгерген.
Жазғытұрым жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін – көктемнің көкөзек шағы. Жаңа туған төлдер енесінен сүт ембейді нәрлі уыз емеді. Міне, наурыз аты қайда жатыр. Нәрлі уыз айы – мал төлдер ай, нәрлі уыз айы сол айдың атауы болып аталған, бара-бара өзгеріске ұшырап Наурыз деп кеттік. Сондықтан мұны Наурыз атауының бір нұсқасы деп қарап, парсыны «Новруз» сөзінен бас тартсақ та жөн болар еді.

 

Әңгімелескен Майгүл СҰЛТАН, Baq.kz

Advertisements

Janarbek

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s