Жанарбек Ақыби-Атадан қалған тұғырдан қыран үзілген емес!


Құсбегі Түгелбей ағаны іздеп Алтай сұмынға жеттім. Көшеден алғаш кезіккен үлкен кісіден жөн сұрай бастадым. «Наймантайдың Түгелбайының үйі қайсы? Руы Ителінің ішінен Даулеті» – деп бастырмалата бастадым. Өзім білетін мағұлматты осылай зулатып айтып жатсам жөн сұраған аға жымип күлді. Сосын былай деді:

– Е, балам, ол кісіні руын айтпасаң да бәріміз білеміз, жақсы танимыз. «Шебер Түгелбай» десең мұндағы кәрі-жастың оны бәрі біледі деп үйін көрсетіп, жөн сілтеп жіберді. Жөн сұраған ағаның айтқандарына қарап мен іздеп келе жатқан Түкең осал адам болмады ғой деп үйіне қарай ат басын бұрдық.

– Ассалаумағалейкум! – деп дауысымды соза амандасып  үйіне кіріп барғанда босағадағы бүркіт сәлемімді елден бұрын естіп дүр сілкініп, бөтен адам екенімді сезіп, үй иесіне қонақ келгенін білдіргендей болды. Екі көзім бүркітте, аузымдағы сәлемде. Түгелбай аға да үйде екен. Ердің тоқымын істеп отыр. Лезде ағамен тіл табысып кеттім. Бір өзі ағаш шебері, темірші ұста, әрі ірі қараның терісінен үй шаруашылығына не керектің бәрін істей беретін өте ісмер адам екенін бірден байқадым. Үйінің іші шағын музей дерсің. Анау төрдегі күміс жүген мен жанындағы қазақтың сары ала қамшысы ілулі тұр. Одан кейін сабын әр түрлі қылып, әртүрлі өріммен жасалған неше түрі қамшы тағы тізіліп тұр. Терезенің жақтауында шылбыр, өрімді арқан, қос шідер жатыр. Ауыл қазағына не керектің бәрі бар. Еденде жатқан қайыңнан бітеу шапқан көне ер де менмұндалап көзге түсе берді. Асау ат тулағанда ер бауырына кетіп, тепкілеп қиратып тастапты. Иесі көненің көзіндей болған жәдігерді лақтыра салуға қимай, жөндеп беріңіз деп Түгелбай ағаға әкеп тастаған ғой. Түгелбай ағаның шебер қолы тиген ердің қанқасынан біз бір сызат таппадық. Бұрынғы қалпы дерсің. Ердің иесі қалай қуанар екен десейші.

Түкеңнің шаңырағында Қуаныш, Аманкелді атты ұлдар әке тәлімін ұғынып өссе, мінезі жібектей асыл жары Бақыт жеңгеміз Амангүл, Бибігүл атты қыздарын ибалы, инабатты қылып тәрбиелеп, өсіріпті. 1960 жылы Алтай сұмының Дабаты өңірінің Ащылы деген жерінде дүниеге келген шеберді бұл өлкенің жасы-кәрісі бәрі таниды. Ал құсбегілікпен аты қалай шыққанын өз аузынан естідік:

– Басында дала кезіп, таза ауада жүріп шаршауымды шығарамын, денсаулығымды түзетемін деп бастадым. Баптаған бүркіттерім таудың талай түлкісін іліп түсті. Содан қызығушылығым арта түсті. Саятшылап келген соң ұйқын бір қанып, керемет дем аласың. Бүркіттің қызығы сол, тауға шығып аң көргенде делебең қозып, шаттана айқайлап, рахат күй кешесің. Ондай сезімді, құмарлықты еш жерден таппайсың. Құсбегілік сонысымен қызықтырды. Оның үстіне ата-бабаларымыз құс салып, саят құрған жандар екен. Оның айғағы сол бабалардан қалған құсбегілік жабдықтары үйімде әлі тұр. Қадірлеп әлі сақтап келем. Шынтуайтында, құсбегілік маған тым жат өнер емес еді, – деп бастады Түгелбай құсбегі әнгімесін, – 1993 жылдан құсбегілікке толайым мойын бұрдым. Үздіксіз қыран баптап саят құрып жүргеніме содан бері жиырма жылдан асыпты. Осы аралықта 6 бүркіт ұстадым. Бір бүркітті 4-5 жылдай ұстап қоя беремін. Жылында 20-30 түлкі алдырып жүрдім.

Осы жылдары жаныма жылу сыйлап, ерекше есімде қалған екі бүркіт болды. Бір бүркітімнің аты Қисықауыз. Ол көзіне көргенін еш құтқармайтын еді. Тамақ берсең аузын қисайтып жеп отыратын. Сонысына қарап Қисықауыз атап кеттік.

Одан кейінгі баптаған бүркітім Қисықбас қыран деген болды. Ол сұмдық ұшқыр еді. Атағы өлкеге жайылды. Бір күні 2 түлкі, бір мәлін ұстағаны әлі есміде. Өте аңкөс еді. Қатты жақсы көріп үйге кіргізіп, өзімізбен бірге отырғыздық ұстадық. Басын қисайтып алып бәрін қызықтап қарап отыратын еді. Содан Қисықбас қыран аталды.

Бүркіт жайында жерлесім Құмархан бастаған ақсақалдардан ақыл-кеңес, тәлім алдым. Құмархан ақсақал бүркіт жайын жақсы біледі. Қыранның бабын ертедегі аңыз-әңгімелермен сабақтастыра отырып жеткізетін өте әңгімешіл жақсы адам еді, жарықтық. Құмархан ақсақал бүркіттің түр-түсіне қарап ат беретін. Өзінің баптаған бүркіттерінің бәрінің иығында ақ жүні бар құс болатын. Сондықтан оларды Ақиық деп атайтын көбінесе.

«Ең мықты қыран басынан мұз-қар кетпейтін биік тауларда мекендейді. Мұны Мұзбалақ деп атайтын-ды бұрынғылар» – деп айтушы еді ақсақал. Өлкеге танымал болған құсбегі Бүркітбай ұлы Құмархан ақсақал 80 жасында дүние салды. Өле-өлгенше ерте азаннан саятқа кетіп бара жатады, ымырта кеп жатады. Өмірі саяттан шаршадым деген бір ауыз сөз айтқан емес. Жан-тәнімен саяшылыққа берілген адам еді. Ондай адамдар өмірде сирек кезігеді. Сол кісілердің жеткізуімен көнеден қалған салт-дәстүрді, салт-сананы саф күйінде ұрпаққа тәлім қып бүгін біз жалғастырып жүрміз.

Тағы бір жерлесім бүркітші Далайхан да ақыл-кеңесін еш аямады. Күні бүгін Далайханмен бірігіп саятқа шығып жүрміз. Саятта ғана болатын ғажайып сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек саят құрған қазақ қана сезіне алады. Менен көріп бауырым және балаларым қызығып бүркітшілікпен әуестеніп жүр.

Түкеңнің үйінде қос-қостан ілулі бүркіт жабдықтарының бәрін көріп суретке түсірдім. Түкеңе «Аға, ұста пышаққа жарымайды» деуші еді, ал сізде бүркіт жабдықтары жетіп артылады екен» деп қалжыңдадым.

– Ел тілегін айтып, ананы-мынаны істеп бер деп өтініп жатады. Көңілдері қалмасын деп жасап қоямын. Солардыкі ғой көбісі. Қалаған кездерінде алып кетеді, – дейді.

Ал өзі пайдаланып жүрген бүркіт жабтықтарының арасындағы тұғыр Топай атасынан қалыпты. Тұғыр жасалғалы шамамен бір ғасыр болған екен. Көненің көзі деп сақтап келеді. Атадан қалған тұғырдан қыран үзілген емес! Тұғыр 3 аяқты болып бітеу шабылып істелген, ағаштан түйін түйген өте ісмер шебердің қолынан шыққан дүние көрінді.

– Шаршағанымда тұғырға көзім түссе, үстінде отырған бүркітіме қарасам шаршауым шығып, шабыт беріп тұрады, – дейді Түгелбай аға, – Тұғырды далаға шығармадым. Мен қайда болсам, тұғыр да, бүркітім де сонда болады. Осы тұғырдан басқа бүркіт жабдықтарын өзім істедім. Елге де бүркіттің кез келген жабдығын істеп беріп жүрмін, – деді іскер аға.

Түгелбай аға айтқан әңгіме

Бұл өлкеге танымал атақты бүркітші Мүшелбай мен Солтан екеуі ұзақ жыл бірге жүріп саятшылық жасап, бүркіт баптаған жандар еді. Бірде екеуі бірге түлкіге саятқа шықса керек. Ешқандай түлкі жолықпапты. Екеуі қырдан қыр асып, бірнеше түнді тауда түнесе де түлкі кезікпейді. Бір күні кешқұрым қайтып келе жатса бір қорымнан шығып түлкі қаша жөнеледі. Әккі құсбегі Мүшелбай алдымен көре сала бүркітінің томағасын шешіп жатқанда оның оқыс қимылынан Солтан да бірдеңені сезіп, өз бүркітінің томағасын сыпыра аспанға лақтырып жібереді. Иелерінің оқыс қимылына үйреніп, қанық болған қос бүркіт көкке көтеріліп, екеуі де түлкіні көріп қуа бастады. Екі құсбегі де арттарынан шаба жөнеледі. Қос қыран түлкіні қойсын ба, қанша бұлтақтағанмен екі құс қос қапталдан келіп жанын шығара бас салды.

Бүркітшілер де іле жетіп түлкіден қырандарын ажыратып алады. Енді түлкіні қайсысы аларын білемейді. Күн кешкірген, оның үстінде бәлен күннен кейін әзер жолыққан аңды бір біріне қимайды. Ақыры екеуі ерегесе келе жалғыз түлкіні қақ ортасынан бөліп алыпты.

Жанарбек Ақыбиұлы

Advertisements

Janarbek

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s