Жанарбек Ақыби-Қанатың қайырылмасын, қыраным!


Шерушінің Бақат бұтағынан тарамдалатын Бес Төлек – ежелден ен жайлап өскен, дән-дәулеті мен сән-сәулеті жарасқан ел ретінде танылды. «Тоғыз қасқа» атанған әйгілі ерлерінің даңқын айтпағанда, «көп қалақшаның ауылы» деген атағы да дүйім Алтай-Қобдаға жетіп жатар еді.
Руын сұрағандарға «Төлекпін» деп, «е, күйші екенсің ғой ондa» дегізген елдің әсіресе, Кәдір атасына жататын ауылдарында дәулескер домбырашы, сыбызғышылар көп шыққан. «Бешең аулының сән-салтанаты-ай!»,- дегізген сол бір өнер киесі қонған ауылдың әрбір өрені жастайынан құймақұлақ, өнерпаз, атқа, құсқа құмар болып өсуі заңды құбылыс болса керек. 

Біздің бас кейіпкеріміз Бақытбек Ақыбиұлы да ата-баба жолын қуған өнерпаз. Өз әкесі Ақыби Моңғолия қазақтарынан шыққан айтулы сазгерлердің бірі, Баян-Өлгий аймақтық музыкалы драма театрының алғашқы музыканттарының бірі еді.

Алғаш қолына қалай бүркіт алғанын Бақытбек былай әңгімеледі:
«Жаңадан мал бағып бастаған кезде аймақ орталығы Өлгий қаласын бауырына басып жатқан Бөкентаудың ең биік шыңына жақын жерден салып алдық. Туған жерім Сақсай сұмынына да, Өлгий қаласына да жақын, тең ортада. Қасымыздағы тау осындағы теңіз деңгейінен ең биік, шамамен 3000 метр биік тау. Осында қора-қаша салып, алғаш қойшы болып мал бағып бастаған қыста бұл жерге аң қатты келетінін және соған сай бүркіт те көп ұшатынын байқадық. Тіпті күнде көреміз.

Бір күні кешкісін әкем қара серкештің басын ғана көтеріп келді. Қасқыр жеп кетіпті дейді. Біз де соған сендік, өйткені қасқырдың маңайды шиырлаған ізін бәріміз көрген едік. Ертеңінде тапа-тал түсте тау бөктерінде жайылып жүрген серкештерге аспаннан үлкен қара құс шүйлігіп келді келді де бір серкештің үстіне қатты тепкімен түсіп, олжа қылды. Байғұс серкештің тыпырлауға да, тіпті маңырауға да шамасы келмеді. Осыдан кейін біз серкештерді жеп жүрген бүркіт екенін білдік.

Әкем қақпан құрып ұстап алайық, серкеш жеп жүрген нағыз қандыбалақ бүркіт екен деді. Өлген екі серкештің қалған-құтқан жемтігін таудын орта тұсына бір жерге үйіп қойдық та, қақпанды құрып тастадық. Ертеңінде барсам, қақпанға бүркіт түсіп қалыпты. Шапаныма орап, үйге алып келдім. Әкем жақсылап қарады да «бұл бұрын адамдардың қолында болған бүркіт екен және ішінде жұмыртқасы бар екен, қоя берелік» деді. Оны қалай білдіңіз десем, «міне, аяғындағы жіптен қалған ізді және мына қайысты қара деп аяғындағы байлаған қайыс жіпті көрсетті. Бұл адамдардың қолына түссе қоя беріңдер деген белгі екен. Ақыры ол бүркітті қоя бердік. Біздің оған жасаған кеңшілігімізді құс екеш құстың өзі түсінді ме, әйтеуір сол бүркіт қайтып біздің жаққа жоламады. Дегенмен, мені бір ой мазалады. «Аң көп қой, неге серкешке түсе береді?» деп сұрағынымда әкем «Құс та болса аңмен алыса-алыса шаршап, қажиды. Содан болар, түскен бойда өлтіре сап жей беруге қой ешкі жақсы, тырнап алар тұяғы, тістеп алар азуы жоқ болған соң малға түсіп жүр ғой» деді.

Ол бүркітты қоя бергенімізбен тағы да бір үлкен қара бүркіт келіп серкеш жей бастады. Оған тағы қақпан құрып ұстап алдым. Құйрығы, яғни шалғысынан үш қауырсын сыныпты. Қанаттары да алба-жұлба сынған, жарақат алған бүркіт екен. Әкем «Шалғысы сынған бүркіт жемтігіне тура барып түсе алмайды, аң ала алмаған соң малға кеп жүр екен» – деді. Енді қайтеміз деп едік «өлген бүркіттің қанатын тауып әкел, соның қауырсындарын сынған жерден кесіп, келтіріп жалғап, қауырсын кигізіп желімдеп қоя берейік» – деді. Мен көп іздеп, ақыры қанат табылмай, бір күн аңдып жүріп қарақұс атып әкелдім. Соның қанатын кесіп алып, сынған қауырсынның тұқылына бүтін қауырсын кигізіп желімдеп тастадық. Бүркіт немесе қарақұстың қауырсыны табылмағанда кезқұйрық атып әкеп, соның қанатын жалғап жүрдім. Кейін осыны әбден меңгеріп, бүркіттің қанаты сынғандар маған келіп жөндетіп алтын болды. Осылай 6 бүркітті қақпанмен ұстап, емдеп қоя бердім. Өзім де бүркіт жайлы мол мағлұмат ала түстім. Бір қызығы, сол жалғаған қанат жымдасып кететіні сонша, адамдар айыра алмай қалады екен.

Бірде тағы қақпан құрып қойсам, сарша түсіпті. Үйге әкеп қолға үйретіп алдым. Өзі мені көрсе қанатын жайып орынында тыпыршып, сыймай кетеді. Содан далаға алып шығып аспанға бір ұшырып ап қайта әкеп тұғырына байлап қоятынмын. Бір күні саятқа шыққам. Бөкен таудың үстіндегі тұйыққа жеткенімде шағылда үкі отырғанын байқап қалдым. Саршамның томағасын алып едім, ол да үкіні көре қойды. Қоя бергенім сол еді барды да апыр-топыр арпалыса кетті. Лезде мен де жеттім. Үкі жараланыпты, таспен ұрып алдым. Ал бүркітім болса үкіден бір құлаш алыс отыр. Үкіге жалтақтап қарап қояды. Жүрегім зырқ етті. Қарасам үкі саршамның жем сауын жырып жіберпті. Дереу үйге әкеліп өзімше емдеп батап едім, бірақ көп ұзамай өліп қалды. Кейін кәнігі құсбегілерден сұрап білсем, отырған үкі оңайлықпен бүркітке алдыра бермейді екен. Шалқалап жата қалып бүркіттің жем сауын жарып жіберетін көрінеді.

Қой жайып шыққанда малды өріске қаптатып жіберіп аспандағы қырандардың қозғалысын бақылайтынмын. Түз бүркітернің аңға түсуін бақылаудың өзі бір ғанибет. Бірі зымырап келіп теуіп түссе, бірі қалықтап келіп іліп кетеді. Ал келесі бірі желкелей келіп бүреді. Кейде байғұс жемтігінің артынан қалмай зәре құтын алып жүреді де, оңтайлы сәтте теуіп түседі.

Бірде солай тамашалап отырғанымда түлкінің артынан шеңгелімен бағыт алып бұралаңдап ұшып келе жатқан бүркітті байқап қалдым. Мен дүрбімді алып зер сап қарап отырмын. Түлкі де қу-ақ неме екен, бұлтақтап келеді. Ол таудағы қорымға қарай қашып келе жатты да кенет жылдамдығын тұқыра тежеп қарсы бағытқа бұрылып кетті. Бүркіт те тез айналып артына қайта түсті. Енді түлкі бетін жақын жердегі қарағанға бағыттады.Түлкі жылдамдығын үдете түсті, қыран да қалысар емес . Түлкі қарағанға жетіп-ақ қалған. Соны сезген бүркіт те желкелеп басатындай жер бауырлап ұшып келді де, демде қарағанға жетіп қанатын жайған қалпы жабысты да қалды. Ал түлкі қарағаннан атып шығып ары қарай қаша жөнелді. Ана бүркіт қанаты жайылып әлі тұр. Атыма міне салып шапқылап жетіп барсам, қарағаның бұтағы кеудеден кіріп арқасына бір-ақ шығыпты. Өлген-тірілгеніне қарамай қуатын не деген өлермен еді деп таң қалып ұзақ отырып қалдым. Жан беріп, жан алысқан аңкөс осы бір қыранды таудың ең биігіне апарып жерлеп көмдім».

Жанарбек Ақыби

Advertisements

Janarbek

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s