Жанарбек АҚЫБИҰЛЫ: «АЛЬПИНИЗМ ӨЖЕТТІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ»


«Тау баласы тауға қарап өседі» деп  жырлап кеткені бар кешегі Тұмағаң,  Тұманбай Молдағалиев. Рас, құзар шыңдарын қар басқан таулар кез келген жанды  құпиясымен ынтықтыратын болса керек.  Оның үстіне таулардың биіктігі  өмірдегі армандардың да асқақтығындай болып сезілетіні бар. «Алатаудың, Алтайдың шыңдарына шықсам» деп армандамайтын қазақ аз шығар өмірде. Бірақ, сол шыңдарды бағындырған  қазақ альпинистері сирек.  Саусақпен санарлық қана.  «Тауға қарап  өскен» қазақтың балаларының арасында  альпинизм спортымен айналысып жүргендерді кездестіру қиын. Шамасы,  бұл аса қымбат спорт түрі болғандықтан сананы тұрмыс  билеген қазіргі заманда «шыңдарды бағындырсам» деп армандайтын  бала қалтасындағы тиын-тебенге қарап бір күрсініп қоятын  шығар. Дегенмен, қандай қиындық туса да құзар шыңдарға деген құмарлығын баса аламған адамдар да болады. Солардың бірі – Жанарбек Ақыбиұлы. Ол  Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының тумасы. Қазір де сонда  тұрып жатыр. Альпинизм спортымен айналысады. Фото  түсіреді. Сонымен бірге   блоггер. Қазақстанға бір келгенде «Хан Тәңірі шыңына шықсам ғой» дегені бар еді. Осы жолы кездесудің  тағы да сәті  түсті. Көкейдегі бірнеше сұрақты қойдық.

 

ЖЕБЕ: Хан Тәңірі шыңына шығуды армандайтындығыңызды айтқансыз бірде. Арманыңыз орындалды ма?   Жанарбек АҚЫБИҰЛЫ: Хан Тәңірі шыңына шығуды армандайтыным рас. Оның шыңында  аяқ іздерім қалғанға дейін армандармын бәлкім. Әдетте,  ондай  биік шыңдарды  бағындыру үшін әжептәуір дайындық керек. Өзімнің  тұла бойымдағы  күш-қуатыма, тәжірибеме сенемін. Бірақ,  қалтамдағы қаржыма сене алмаймын Хан Тәңіріне шығу үшін. Өйткені,  сапарға дайындық,   шыңды бағындыру үшін біраз асай-мүсей керек, құзардың етегіне  жетіп алу қажет алдымен. Қысқасы, демеуші табылмай жүр. Баян-Өлгейде ешбір өндіріс орындары жоқ.  Ондағы  қазақтар күйбең тірлікпен, «бармен базар» болып өмір сүріп жатыр. Сол себепті  ешкімді «демеуші бол» деп  қинамадым. Буынсыз жерден пышақ ұрғым келмейді. Сәті түссе Хан Тәңірі шыңына да шығармын.

ЖЕБЕ: Альпинимз спортымен айналысқаныңызға қанша жыл болды? Бұл спорт несімен қызықты      Жанарбек АҚЫБИҰЛЫ: Бұл спортпен 1990 жылдан бері айналысып келемін. Яғни, 16 жасымнан бастадым. Моңғолия жерінде мен бағындырмаған шың жоқ. Барлығы дерлік  3500-4000 метрден асады. Әрине, Гималай мен Қарақорымның  8 мың метрлік алып шыңдарының  қасында бұлар аласа болып көрінер сырт көз үшін. Бірақ, әр таудың өзіндік ерекшелігі, өзіндік қиындығы бар. Моңғолдың ең  биiк шыңдарының бірі  Завхан аймағындағы  Отгонтэнгэ, Ховд аймағындағы Мөнххайрхан, Цамбагарав, Баян-Өлгейдегі  Бесбоғданың  шыңдары, соның ішінде  Хүйтен шыңында,  Малшы, Достық  Бүркіт, Тургэн, Цэнгэл хайрхан, Сайр, Хатуу сияқты басын мәңгi мұз басқан құзарларда ізім қалды. Талай мәрте  Моңғолияның және шетелдің альпинистерімен  бірге  тауға шықтық.  Моңғолия альпинистерінің  ішінен Кавказдың  ең биік шыңы Эльбрусті (қарашай мен балқар бауырлар «Минги-тау» дейді) және Тянь-Шанның  «Мәрмар қабырға»  атты  биiк шыңын бірінші болып бағындыру   менің пешенеме жазылыпты. «Халықаралық  дәрежедегі спорт шебері» деген атақ та  маған осы альпинизм  спортынан бұйырды. Әйтпесе, мамандығым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жаттықтырушы еді. 2000 жылы Моңғол елінің  Енбек ерi атақты палуан Х.Баянмөнхтiң  «Шонхор» атты Ұлттық палуандар университетін  бітіргенмін.  4 жыл оқыдым онда.  Күрес түрлерімен айналысқам бала кезімде. Мамандығым да  күреспен байланысты. Жалпы, альпинизм спорты табиғатпен етене жақын болу. Альпинистердің басым көпшілігі  қарлы шыңдарға, мұздықтарға өрмелейді. Тауға шығу оңай емес, бірақ табиғаттың  керемет  құбылыстарын  тау басында ғана кездестіруге болады. Айналаңның бәрі аппақ қар мен қалың мұз. Бойың бұлтпен  таласады сол кезде. Шыңға шыққанда бәрінен биік тұрасың. Қанаттанасың. Ауа да саф болады тауда. Тып-тыныш болады ол жақта. Керемет енді. Таудан ғажайып табиғатты тамашалап жан-дүниең сергіп, көтеріңкі күймен ораласың.

ЖЕБЕ:                        Жанарбек, сізді «Моңғол елінің президентімен бірге екі рет шыңға шығыпты» деп естідік, бұл жайлы толық айтып берсеңіз.                                                                                                                     Жанарбек АҚЫБИҰЛЫ: 2006 жылы Ұлы Моңғол мемлекетiнiң құрылғанының 800 жылдық торқалы тойына орай тауға шығу  жоспарланып, Моңғолия президенті мен парламент депутаттары Моңғoл Алтайдың  ең биік шыңына шыққанда  оларға  мұздақтарда жол көрсетіп,  қорғаушы міндеттерін атқарғанымыз рас.  Сол жолы Моңғолияның  сол кездегі  президенті Н.Энхбаяр «Ұлы Моңғол мемлекеті құрылғанының 800 жылдығына» арнайы шығарылған медалімен марапаттаса,  Моңғол армиясының  қолбасшысы, генерал П.Сундэв әскери «Алтын белгi» медалін сыйлаған еді. Осы тұста айта кетер бір жайт, Моңғол Алтайының ең биік шыңы Баян-Өлгей аймағының жерінде. Атақты Бесбоғда деп аталатын  шыңдардың бірі. Ал, 2008 жылы Моңғолия президенті Н.Энхбаяр Моңғолдың ең биік тауларының бірі Цамбагарв тауына Бейжің олимпиадасына  спортшыларымыз апаратын туды алып шығып, спортшыларға ұлықтап беруді тапсырғаны бар. Бұл жұмысты  жоспарлаған  ұйымдастыру комиссиясы маған  кинооператорды қорғап алып  шығуды тапсырды. Мемлекет басшысы да сол жолы шыңға аман-есен  өрмелеген болатын. Мен де операторды қорғап,  құзардың басына алып шықтым. Ең қызығы  сол Цамбагарв шыңында ұлықталған  Моңғолия туын спортшылар  Бейжің олимпиадасында  екі рет биік  тұғырдан желбіретті. Моңғолия спортшылары  сол жолы олимпиада ойындарынан тұңғыш рет алтын  медаль алған  еді. Біреу ғана емес, екі алтын әкелген. Моңғолдар ырымшыл жұрт. Президентінің  өзі таудың басына  шығып ырым жасаған сол байрақ  шынында да  моңғолдар үшін құтты болды. Дегенмен, Цамбагарв  Моңғолия жеріндегі ең биік шың емес. Алайда, сол тауда  кино түсірмек болған операторлардың  трагедиялық жағдайда қаза тапқаны бар. Маған оператордың қауіпсіздігін сеніп тапсырғаны  үлкен жауапкершілік еді. Өйткені,  операторлардың жұмысы да оңай емес.

ЖЕБЕ: Жалпы сіз Моңғол Алтай тауларына шығуды  жоспарлап  келген әлем туристерін тауға апаруды  ұймдастырып  жүрсіз. Әлем туристері Моңғолияға, соның ішінде Баян-Өлгейге несіне қызығып келеді? Моңғол елі туристерді өзіне қандай жолмен тартып жүр. Сізге келген туристердің  Қазақстан жайлы көзқарасы қалай?                                                                                                 Жанарбек АҚЫБИҰЛЫ: Моңғолияға туристер 2000-шы жылдан бері ағылды. Содан жеке туристік фирмалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай  қаптады. Олар ғаламтор арқылы өздері ұйымдастыратын  саяхатты тамаша жарнамалап жатыр. Түрлі бағдарламалар  ұсынады. Жыл өткен сайын Моңғол еліне келетін  туристердің саны өсіп келеді. Әдетте көптеген туристік фирмалар  шетелдік туристерге Моңғолияның барлық жерін аралап көруді ұсынады. Бұл – этнотуризм. Ал биік шыңдарға өрмелеуді жоспарлайтындарға  экстремальды туризмді ұсынамыз. Жалпы,  туристер  Моңғолияның  барлық жерін аралап шығуды  ұнатады. Мұнда табиғаттың ерекше әдемі көріністеріне, Шыңғыс ханға байланысты тарихи жерлерге, көне ғасырдың тарихи орындарына, Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған  жазбаларына, көне түркі  балбал тастарына, Моңғол даласында алғаш рет динозаврдың сүйегі табылған  орынға, тіпті Гоби шөліндегі  шаңды дауылды да көруге қызығатындар көп.  Туристердің барлығы шетелдіктер. Тағы бір айта кетер жайт  Моңғолиядағы аз ұлттардың тіршілігі,  салт-санасы  да оларды қызықтырады. Міне, осындай қызығушылық пен мықты жарнама  Моңғолияда өмір сүріп жатқан  қазақтардың өмірін  де әлем туристерінің назарына іліктірді. Қазақтың мал бағып, киіз үймен  жайлауда отыратын  тірлігі қызық оларға. Әдетте   туристер киіз үйге кіріп, малдан алатын ақ тағам өнімдерінен дәм ауыз тиіп, босағадағы бүркітін тамашалап, сол малшылардың атын жалға алып, бірнеше күн  атпен саяхаттап жүруді де  дағдыға айналдырып алды. Туристер  малшы қазақтардың тіршілігіне өте құмар. Бұл жерде  жайлауда отырған  қазақтың  тұрмысында  жасандылықтың болмауы да  шетелдік туристерді қызықтыратын шығар бәлкім. Әйтпесе, көрмелер мен мұражайларда  тұратын киіз үйлер аз емес қой әлемде. Сонымен бірге Алтайдың  биік шыңдарына  шығуды  мақсат еткен туристер саны да артып келеді.  Моңғолияның  ең биік шыңдары Баян-Өлгейде болғандықтан туристердің келгені бізге, Моңғолоия қазақтарына пайдалы болып жатыр. Түрлі тәсілдермен қаржы табамыз. Малшылар аттарын жалға берсе,  шет тілін білетін жастар аудармашы болып  қаржы табады. Бүркітшілер  құстарын көрсетіп, соны фотоға  түсіртіп «ақша істейді».  баянөлгейлік қазақтар қазақтың бүркітшілік өнерін насихаттайтын фестивальдер ұйымдастырып жүр. Аймақтағы екі туристік фирма  жылына  «Бүркіт тойын» ұйымдастыруды дәстүрге  айналдырып алды. Екі рет өтеді бүркіт фестивалі бізде. Бұл туристерді, әсіресе фотографтарды  өте қызықтыратын шара болып отыр. Ал мен шетелдік  туристер Баян-Өлгейге алғаш келген  жылдардан бастап туристерді тауға шығаруды ұйымдастырып  жүрмін. Қазіргі жағдаймен әлемнің 30-дан астам мемлекетінің таушыларын Моңғол тауларына жетектеп, ертіп шығардым. Олармен әңгімелескенде  «Қазақстан Ресейдің қуыршақ елі» деп кекететін бұрын. Соңғы жылдары олардың ойы  мен көзқарасы мүлдем өзгергенін байқадым. Астана жайлы, қазақ елінің кең даласы жайлы жылы-жылы лебіздер айта бастады.  Соған қарғанда Қазақстанның  соңғы кездегі үлкен- үлкен халықаралық шараларды ұйымдастыруы өз нәтижесін беріп жатса керек. Тіпті маған  «осы сапарды енді Қазақстанда жалғыстырсақ»  деп қолқа салатындар да көп. Моңғолия мен Қазақстан жері тұмсық тіресіп тұрса да бір-бірімен тікелей шекараласпайтынын,  тура шығатын жолы жоқ, тіпті аптасында  бір рет ұшып жүрген ұшақ та тоқтап қалғанын, бір сапарда екі елдің тауларын бірдей аралау  қиын екендігін айтып, ақталып әлек боламын.

ЖЕБЕ: Қазақтан альпинистер аз шығыпты. Себебі неде деп ойлайсыз? Жанарбек АҚЫБИҰЛЫ: Қазақ отаршылдардың құрбаны болған ұлт, тең жартымыз аштан қырылып, бір бөлігі әлемді шарлап кетсе, қалғанымыз ұлтты аздыру иделогиясының  мектебінде тәрбиелендік. Өзгенің  боданында жүргенде  альпинизм сияқты рухтылардың спортына  қызығу қайдан болсын?! Оның үстіне альпинизм бұқаралық сипат алатын спорт емес. Өжеттердің өжеті ғана тәуекел ететін спорт бұл. Өзге  спорт түрлері сияқты  ірі-ірі  жарыстары жоқ,  болса да  қалың бұқара  білмейтін, тек кәсібилер мен аздаған  әуесқойлар ғана  «өз қазандарында өздері қайнап жатады» бұл спортта. Одан соң  қымта  спорт түрі. Бәлкім, содан да шығар қазақтан шыққан альпинист  көп емес. Бірақ, сол аздаған қазақ таушыларының өзі Кеңес одағы кезінде де әлемнің ең биік шыңдарын бағындырып жүрді. Мәселен, Эверестке шыққан тұңғыш қазақ Қазыбек Уәлиев. Кеңес одағының құрамасында жүріп ол әлемнің ең биік шыңын 1982 жылы бағындырды.  Қазір де  қазақтың қиындықтан қорықпайтын,  табиғатпен етене араласатын  таушылары өсіп келе жатыр. Альпинизм оларды Табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелейтін болады. Қазақстан альпинизмі жеке спорт ретінде емес, жалпыхалықтық сипат алады деп сенемін. Өйткені,  Қазақ елінде аспанмен таласқан таулар саны баршылық. Бұқараны табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеуде, экологиялық тәрбие беруде альпинизмнің маңызы зор.

ЖЕБЕ: Айтпақшы блоггер ретінде таниды сізді біраз жұрт. Бірақ, қазақ блоггерлері бастаған «Домбыра party» шарасы Моңғол елінде жалғаспады. Себебі неде?    Жанарбек АҚЫБИҰЛЫ: Блоггер болу өте күрделі  әрі қызықты хобби. Күрделісі сенің жазғандарың сол сәтте әлем назарында болады. Ал қызықтысы, блогыңның оқырманы өз ойларын жазып, өзіңмен пікір алмасып,  щуылдасып жатады. Менің блоггерлік жолға түсуім «Баян-Өлгейдегі қазақ жастары  әлемде қатты қарқын алып келе жатқан жаңа медиаға  бет бұра жүрсін» деген ниетпен туған  дүние. Қазір жастарды  белсенді болуға,  блог жүргізуді  хобби қылуға шақырып, білгенімді үйретіп жүрмін. Қазақстанда өткен  блогқұрылтайларға да қатысқаным бар. Интернет арқылы  қазақстандық блоггерлермен жақсы қарым-қатынас құрғанбыз. Шамамыз келгенінше Баян-Өлгейдегі қазақтардың  атажұртпен,  әлемнің түпкір-түпкіріндегі  қазақтармен  интернет арқылы байланыс орнатуына  түрткі  болмақ ниеттеміз. Жастар бір-бірімен аралас-құралас болса, ақпарат алмасып отырса қандай тамаша?! Блоггер болудағы мақсатым сол. Айтпақшы,  ендігі  бір арманым Баян-Өлгейге  қазақстандық мықты  блоггерлерді  жинап, киіз үйде  блогкэмп өткізсек. Қызықтың көкесі сонда болар еді.  Қазақтың  байырғы тұрмысы мен  заманауи  технологияның үндесуі болар еді ол. Бұл идеяның  жүзеге асу-аспауын уақыт көрсетеді.    Ал, Қазақстан  блоггерлерінің  «Домбыра party» шарасына мен де сыртай қызығып, бақылап отырмын. Біз де Моңғолияда  бұл шараны өткізбек болғанбыз. Бірақ,  биыл жазда елде сайлау болды, одан кейін кейбір өңірлерде мал індеті шығуына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Сөйтіп,  бұл шараны ұйымдастыру мүмкін болмады. Дегенмен,  бір нәрсені атап өту керек. Моңғолия қазақтары домбыраның құдіретін моңғолдарға баяғыда-ақ мойындатып қойған. Қазақтардың өздері үшін  «Домбыра party» қызық болмауы мүмкін ол жақта. Бірақ, Баян-Өлгейге келетін туристер үшін қызық. Біздегі туристік фирмалар «Домбыра party» ұйымдастырмаса да домбыраны  шетелдіктерге  тәуір  жарналамап жүр. Бізде  домбыраның насихаты күшті. Ал, «Домбыра party»-ге келсек  биыл әлемнің  түпкір-түпкірінде өткен  шараны Алла бұйыртса  келесі жылы біз де Шыңғыс ханның  атажұртында өткізіп қалармыз.

Әңгімелескен Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ

«Жебе»  газеті, 21 қараша  2013  жыл

http://www.zhebe.com/index.php/sportt/item/1208-zhanarbek-akybi-ly-alpinizm-ozhettikti-kazhet-etedi.html

Advertisements

Janarbek

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s