Жанарбек Ақыби:- АЙТБАЙ Құсбегі.


Қазақтың құсбегілік  өнері  бүгінде әлемді тамсандырып жүр.  Байлығы шалқыған,  халқының тұрмыс-салты қазақтың қазіргі күйбіңінен әлдешене есе артық  жұрттар да біздің құсбегілерге қызығатыны бар. ВВС сынды  арналардың,  еркін кезген саяхатшылардың  ғаламторға талай қазақ құсбегілерінің суреттерін салып жүргенін жиі байқаймыз. Алайда, олар қазақтың арасындағы құсбегілерге қатысты аңыздарды,  ғибартты әңгімелерді  ескермесе керек. Бір ғана «Жалайыр Шора»  туралы аңыздың өзі қандай тамаша! Дегенмен,  есімі ел аузында сақталған,   ғұмырнамасында  аңыздан гөрі  ақиқаты басым құсбегілер де болған тарихта. Солардың бірі Айтбай Абдоллаұлы еді. Бүгінде Айтбай құсбегі туралы талай әңгіме Моңғолия  мен Қытай қазақтарының арасында  сақталып қалыпты. Тіпті,  Айтбайдың  өлген бүркітіне арнап жоқтау да айтыпты  бір жеңгесі.  Шамасы,  мұндай  дәстүр   болса керек  бұрыңғы қазақтың арасында. Бұл  өзі  сыйластықтың,  өнерді  бағалаудың  көрінісі. Дегенмен, құсбегі туралы  рет-ретімен  сөйлейік.

Әнгіме желісі бойынша суретті сызған қытайдағы қандасымыз Өмір Манап

                         

                              Олжасын Цэдэнбалға байлапты
Монгол елін 44  жыл басқарған ел басы Ю.Цэдэнбал іс сапармен Баян-Өлгей аймағының Сақсай сұмынына келеді деген хабар жетісімен сұмын әкімі екі қолын өкпесіне алып Айтбай құсбегінің үйіне келіп: «Ел басын қарсы алуға бүркітіңізді алып  шығыңыз.Біздің ортамызда тұрыңыз.  Арнайы комиссия осныдай шешім шығарды»-деп ескеретіпті. Айтбай құсбегі –«Үкімет басшысына қазақтың құсбегілік өнерін көресткің келесе, нағыз саят жасап ел басыға  олжамды байлаймын»-деп келіскен екен. Құсбегі Цэдэнбал келетін күні таң қылаң бере атына мініп, балдағына қыранын қондырып,  өлкенің оң жақта қатпарланып жатқан «Орта тау» атанған тау бөкетеріне қарай  жүріп кетеді.
Ю.Цэдэнбалдың  іс сапармен Баян-Өлгийге келсе міндетті түрде Ұланқұс сұмынына барып қоғам қайреткері әрі  өзінің ежелгі досы Д.Жеңісханмен арғы бергі тарихты қопара әңгімелесетін  әдеті бар екен.  Сол жолы да, «кіреміз де шығамыз»-деп жоспарласа керек,  бірақ   достардың әңгімесі  бесін ауғанша жалғасып,   Баян-Өлгийден шықан алғашқы қоғам қайраткері мен Монгол елін ұзақ жыл басқарған ел басшысы бір-бірін  қыймай қоштасыпты. Ұланқұстан түс ауа шыққан басшының  көлігі Сақсай сұмынына да жетеді. Сақсайлық басшылармен қызметкерлер мемлекет басшысын  қызылды,  жасылды жалауларын желбіретіп ауыл сыртында  күтіпалады. Амандасады, дәм ауыз тигізеді.  Енді халықпен жүздесу ұшін жиналыс залына жүру керек еді. Бірақ, елдің назары өзіне емес, далаға қарай  ауа бергенін сезіп қалған зерек Цэдэнбал:  «Сендер  неге алаңдап тұрсыңдар, шақырған кісілерің келе алмай жатыр ма?»- деп сұрапты. Әкім-«Біздің құсбегі аңға кетіп еді .Бүгін аңға не түссе Сізге сыйлаймын»-деген еді соны қарап тұрмыз»,- деп айтып болғанша.»Әне!!! Айтбай келеді»- деген дауыс та шығады. Жұрт бірден саяттан оралып келе жатқан құсбегіге қарай қалысты. Жүрттың көзі қалай болар екен деп құсбегінің атының қанжығасында тесіле қарап көз тігуде, жақындағанда айқын көрінді нағыз қызыл түлкі. Айтбай қаракер жорғасымен жорғалатып келгенде жігіттер атының басын ұстай беріп еді  аттан  топ етіп түсіп  қанжығасындағы түлкіні шешіп өзіне қарап турған мемлекет басшысына  сәлем беріп: «Бүгін саятымда бүркітім ұстаған түлкіні сізге сыйлаймын құрметті Ю.Цэдэнбал жолдас!» -деп ұсынған түлкіні Цэкең разы көңілмен қабыл алыпты.
Монгол елінің батыры, еңбек ері,Маршал Ю.Цэдэнбалдың  сақсайлық құсбегінің байлаған түлкіні алып әрі қазақтың саятшылық, құсбегілік өнері жайлы кеңірек танысқан, Сақсай өлкесінің тұрығындарымен  кездесу жасап,  разы қош болып аттанған кез 1963 жылы ақпан айы екен. Мемлекет басшысынмен бірге жүрген тілшілер құсбегі Айтбайдың суретін фотаға түсіріп жыл бойы баспасөз бетерінде үздік аңшы әрі қазақтың құсбегілік өнері жайлы мақалалар жарияланып жатты. Айтбай құсбегінің есімі  ел көлеменде жыр болып тараған еді.
Артынан жұрт қатты қызығып: «Қалай түлкі алатыныңзға сенімді аттандыңыз,құпиясын ашыңыз?»- деп сұраса Айтпай құсбегі –«Орта тауда түлкінің өсіп-өніп мекендеп жүргенін бақылап жүретінмін.  Кейбірін терісі жетіліп, тойынсын деп ауламай жүргем. Құсбегі құсын қалай баптаса табиғатты да, аң құстыда солай мейіріммен аялауы керек қой. Бүгін таңмен шыққанда болмағанда солардың бірі кезігеді деген  үмітпен шықтым. Бірінші кезіккені кішілеу екен оған томаға тартпадым, бірақ екінші кезіккен түлкіге көңілім толып құсымның томағасын сыпырдым- депті. Айтбай құсбегінің талғампаздығына  және туған жердің аң құсына мейіріммен қарайтын сүйспеншілігіне дүйім ел разы болған екен.

                               Сәбит Мұқанов Айтбай арқылы аманат жүктеген
Өз дәуірінің занғар жазушысы Сәбит Мұқанов Бай-Өлкеге келеді деген соң. Өлке басшылары  тағы да Сақсай өлкесіндегі Айтбайға «Сәбит армансыз ұлттық дәстүрімзді көріп- біліп кетсін»- деп,  Өлгей қаласына  келуін өтініп көлік жіберіпті.Темір тұлпарды қайтарып жіберіп Айтбай Өлгейге құсын балдағына қондырып, көк жүйірігін мініп барыпты. Айтбай құсбегі Сәбит Мұқанов Өлгейде демалып жатқанда құсын баптап, атын сайлап бірге болған. Монголия қазақтарының танымал ақыны Өмөнгол өлкесіндегі  Ақтан Бабиұлының жайлауына барып,  ат мініп саят құрып,  Бөкен таудын Қодыр бөкен деген жотасына  шыққанда Айтбай тағы да қыранына  түлкі алғызып көрсеткен екен. Бірақ, мамыр айы болғандықтан түлкіні жарақаттамай қоя бергізіпті. Қобда бетінің қазақтарының саятшылық  өнерін көзімен көріп, көз айым болған  Сәбит Мұқаноа сәл босаса Айтбай құсбегінің қыранын қолына қондырып, құсбегіден  Монголиядағы қазақ құсбегілері  жайлы және  қытай бетіндегі туыстары жайлы әнгімелескен екен. Сәбит бірде Айтбайға «Сіздің қанжығаңыздағы барлық құрал-сайманның атын атап, түсін түстеп жіберейін.  Сіз дұрыс-бұрысын айтып тұрыңыз»- деп томаға, балдақ,тұғыр….деп барлық құрал сайманының аттарын еш мүдірместен айтып шықан екен. Сәбит еліне қайтарда Айтбай құсбегіге «Сіздер мына жұртқа үлгі болып қазақтың салт-дәстүрін осы қалпы сап алтындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап отырыңыздар»-деп тапсырған екен. Бұл тапсырманы құсбегі  Сәбит Мұқанов айтты деп отырушы еді.

                               Айтбайдың Алтайдан Қобда бетіне келуі
Айтбай құсбегі  Көктоғайда жүргенде (Қытайда) қайын жұртынан кілең жүйірік бен жорға таңдап алып, баптайтын ат бапкерлігімен ел көзіне түседі. Қайын жұрты Керейдің ішіндегі Шерушіден  тарайтын Төлек руы екен. Сол  рудың  байы қайын атасы Тоқтаубайға  арғы атасынан бері үйір-үйрі жылқы біткен. Ал, Айтбай  болса  сол қалың жылқыдан  жүйірік таңдап мініп,  бәйгеге қосар ат  бапатйды екен. Содан да бола, қайын жұрты оны «күйеу» деп атапмапты. Ерекше құрмет көрсетсе керек.  Айтбай  баптаған  аттар не  жорға шығады немесе жүйірік болатын көрінеді. Ел ішіндегі той-томалақта осы аттар үнемі  бәйге алып,  өзінің ғана емес ауылының мерейін өсіріп жүріпті. Ал, Айтбайдың  жамағайын інісі Орынхан  барымта-сарымтадан қлмайтын  тентек жігіт болыпты. Әдетте  барымтаның өзі «еруіліге қарулы» келеді ғой, Орынханға ерегіскен өзге ауылдың жігіттері  Айтбай баптаған  жорға мен жүйірікті  жиі ұрлап кетеді екен. Ақыры  бір үйір  кілең жорға мен жүйіріктен жалғыз Қаракөк  жорғасы қалыпты. Ал, Алтайда  барымташылдығымен танылған Күдері деген кісі осы жорғаны сұратыпты бірде. «Қаракөк жорғасын амған берсін.  Елдің  назары сонда жүр. Ұрлатып алады ғой»,- деп сәлем жолдапты Күреді. Айтбай жорғасын беруге қимайды, Күдері болса: «Бір айдың ішінде сенің жорғаң ұрланады. Егер біра йда  атыңды ұрлатпасаң мен сенң  жорғаңның күзетшісі болайын.  Өмір  бойы» деп тағы сәлем жолдайды. Үлкендердің: «Олар әккі барымшатылар, атыңды бере сал. Бір жігітке  жылқы табылар» дегеніне Айтбай көнбей атын үйінің  оң  босағасында ұстапты. Жорағның  өзі  киіз үйге  үйреніп алдғаны сонша, кірген  бетте жата қалады екен. Күдерінің  де  айтқан уақыты бітуге жақын қалады. «Уақытында жорғамды  Күдері ұрлай алмаса болды. Одан кейін кім ұрласа да маған бәрібір. Күдері өзі-ақ тауып береді» депс енеді Айтбай. Ағайынның сөзі де соалй шығады.  Сол заманда әр ауылдың  сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын барымташылардың дәурені жүріп тұрған кез.  Олардың уәдесі даланың мызғымас заңы еді. Ал, бұл кезде Күдері  де  Айтбайдан атты  қалай ұрлау керектігін ойлап  бас қатырып жатса керек. Ол Айтбайдың жылқыны  қалай күзетіп жүргенінен де  хабардар болады. Дәл Айтбайдың   көк жорғасындай  екі бірдей ат  дайындайды. Айтбай  көк жорғасын үйден ышғарып  ауылдың  шетіндегі  көк майсаға арқандаған сәтін аңдып тұрады да  жорғаны өзі дайындағын  көк аттың біріне ауыстырып кетеді. Күдерінің  бұл әдісін ешкім  білмей қалады. Тек түс ауа атты суармақшы болып қасына барған Айтбай жорғаның қолды  болғанын бір-ақ көреді.
Айтбай алданғанын бірақ біліпті сонда. Ауыл болып қиналып Айтбайды жұбатып мыңғырған жылқыдан  мықты жүйрік тауып беретінін айтыпты.Сонда Айтбай: «Мен баптаған аттарды көп көрді ме? Енді атбегілікті бір жола қоямын»- деп кейіпті. Інісі барымташы Орынхан: «Іздеп тауып әкелейін»- дегенде де жібермепті. «Ер жігіт аман болса жал құйрық табылар деп халық бекер айты дейсің бе?»- деп өзі сабырға келіпті. Қатпарлы Алтай тауларында аң аулап,  құс салып,  саят құрыпты.
Іле-шала ел дүрлігіп қайын жұрты Алтайдан Қобда бетіне көшкенде Тоқтаубайдың ауылымен ілесіп 1939 жылы Монгол шекарасынан өтіп кетіпті. Айтбайдың бірге туысқан ағайындары: «Баласы үшін қайтып келеді»- деп Айтбайдың үлкен ұлы Төлеубайды алып қалыпты. «Мал ашуы–жан ашуы». Айтбайдың көшке ілесіп, кері қайтар ойы жоқ. Туысының   Монгол шекарасынан өтіп, елден алыстап бара  жатқанына шыдамаған Орынхан: «Бір сыйласа осы кісінің  сөзіне тоқтайды- ау»- деп танымал ақын Ақыт қажыны ертіп, артынан кетеді.  Шіңгілден өтіп қазіргі Бұлғын сұмынында көшті қуып жетіпті.Айтбайдың қайын атасы Тоқтаубай оларға: «Ер жігіттің сағын сындырып жол ортада бір үйді қайтарып алып  не қыласыңдар?  Айтбайға көк жөтел тиіп ауырып жүр. Қобда бетіндегі мықты емшілерге көрсетіп, жазылған соң өзіміз қоя берелік»- депті. Сөйтіп,  екі жақ бір тоқтамға келіп, қос туыс осылай айрылысыпты. Шынында  да  өкпесіне суық  тиген Айтбайға біраз сырқаттанған екен. Қобда бетінің ең таңдаулы дәрігерлері емдеп, құлан-таза жазғаның өзінде іштегі дерті жауырынан тесіп шықан екен. Білетіндер жауырынынан  алақандай тыртық көргендерін айтқан.
Айтбай ауруынан жазылған кезде Алтайда Шығыс Түркістанды азат ету үшін жақын руласы Оспан батырдың  қарсылық соғысы да басталып  кеткен еді. Ел дүрлігіп, шекарадан асу да қиындап, Айтбай  Қобда  бетінде мәнгіге мекендеп қалуды ұйғарады. Алғаш келіп мекендеген жері қазіргі Ұланқұс сұмынындағы Ақ жардың батысындағы Көктөбе екен.

                     Қытайдан  Қобда бетіне Айтбайды бауыры іздеп келген
1947 жылы «Ауылға жақын  жерде қос ат жетектеп келген бір кісі жылап отыр» дегенді естіп ауыл тұрғындары «Ол кім екен?» -деп барса Қытайда қалған інісі Орынхан екен.  Айтбайды іздеп келгенімен,  ауыл сыртында үйге кіруге батпай,  көңілі босап, жүрелеп, жылап отыр екен. Айтбайдың үйін елден сұрап келгенде үй сыртындағы кермеде көк түсті емес, басқа өңді атардың байлаулы тұрғанын көріп егілсе керек. Ағасының кілең көк аттарды баптайтынын білетін Орынхан: «Менің кесірімнен шекара  асып кетті.  Тіпті өзі жан-тәнімен қалаған көк түсті атардың да өңін аустырыпты»- деп өзін кіналап жүрсе керек. Ағасымен бауыры құшақтасып көрісіпті. Айтбайдың балдыздары әр кеште қытайдан келген құдаларының  көңілін өнермен аулап, ән жырдан шашу шашқан. Өз кезегінде ән айтқан Орынхан Алтайда (Қытайда) жағдайдың қИындап кеткенін былай өлеңмен жеткізіпті.

Ағажаным Алтайдан өзің кетіп,
Көкіректен ұмтылып, сөзің кетіп,
Ат ағашың қалды ғой сары жұртта,
Сылаң қағып тұратын Көгің кетіп.

Шер толтырды сағынып көкіректі,
Талай ерді тағдыры соқыр етті.
Аға-ініні айырған аңыратып,
Тағдыр неткен қыйын еді.

Асыл аға, жаным-ай,
Атарма бірге таңым-ай?!
Іс түссе бірге болсын деп,
Алладан қалағаным-ай!

Алтайда темір қақпан қысты деймін,
Баяғы күн көздерден ұшты деймін.
Қатын-бала күн үшін, өлмеу үшін,
Қу нәпсінің етегін құшты деймін.

Ат баптап, аң қарайтын дала да жоқ,
Ат әкеп, «аталайтын» бала да жоқ.
Аға-жеңге көздерің кетті-ау жырақ,
Кейіңгі ұрпақ өседі-ау санада жоқ.

Асыл аға, жаным-ай,
Атарма бірге таңым-ай?!
Іс түссе бірге болсын деп,
Алладан қалағаным-ай!
деп өксіп-өксіп жібергенде, тыңдап отырғандардан көзіне жас алмағандар кемде-кем болыпты.
Қонақ күтуден Айтбайдың аянары жоқ, бірақ заман қиын. Бір бірін аңдыған ел, Үкіметтің де шолақ белсенділері сау етіп жетіп келмесіне кім кепіл?! Аға женгесін көріп,  мауқын басқан соң  қайту керек болады. Кетерінде Орынхан ағасы Айтбайдың бүркітпен әуестеніп жүргеніне қарата: «Бабалар айтқан әнгіме. Сол құс патшасы: «Мені адамзаттың қолына түсіре көрме. Түсе қалған жағдайда тоғыз ұлы, тоқсан айғыры бар жанға тап қыл», дейді екен. Онысы «тоғыз ұлың кезек кезек мені саятқа алып шықсын»-дегені «тоқсан айғыр»-дегені жылқы екеш жылқы да саяттан қажымай кезек-кезек дала кезіп мені арқалап аң іздесін»-дегені екен. Жан ағашым саған  серік болып аң қарайтын тұнғышың шекараның арғы бетінде қалды.  Иесіз емес әрине, өз туыстарының қолында, бойымда жаным түрғанда балаңа өзім қамқор болам. Ал сен кеткенен кейін Алтайда ұрланған көк жорғаң мен көк жүйрігіңді тауып, солардан қалған сарқыт деп  көк жорғаның тұқымынан бір ат,  көк жүйрігіңнің тұқымынан бір ат арнайы алып келдім Бұларды саған беріп кетем. Аяулы аға бұларды көріп бізді сағынғанда сағынышыңды басып жүр»- деп қос аттың шылбырын ағасына ұстатыпты. Ал ағасы өз кезегінде: «Бұл жақта атымның өңін ауыстырғаным болмаса, бұл да айтулы жүйрік»- деп егіздей көрінген қос торыны бауырының алдына көлденең тартыпты.Сонда Орынхан: «Ағашым бұрынғыдай емес, қазір шекарадан өту қиын,әр сай саланы аңдыған әскер. Еліме аман жету үшін жалғыз атыңыз да жетеді»- деп атының  үзеңгісіне аяғын салғанда Айтбайдың жұбайы Қанипа:
Айта бар сырын, қайыным,
Айтбайдың тұрмыс жайының.
Жеткізерсің мұңлы үнімді,
Баяғы балқан өмірдің
Өткенін мұндай айының.

Айтқайсың сәлем тағы да,
Тар құрсақты кеңіткен,
Тас емшегім жібіткен,
Өмірімнің туған бағына,
Жеткізерсің пейлімді,
Тұңғышыма мейІрімді.
Айтарсың сәлем тағы да,
Сәлем сала алмаған,
Батасына қанбаған,
Ауылдың барлық шалына.
Айтарсың сәлем тағы да,
Шай құйып бере алмаған,
Шашын түйіп өре алмаған,
Тәлімін таусып көре алмаған,
Апалар, ауылдың алтын бағына.
Айтарсың сәлем, қайыным,
Абысын мен женгеге,
Алғашқым мен кенжеге.
Ерке қызға сәлем де,
Айналған ауыл айы мың.
Айтарсың сәлем, Көзжақсым,
Көкірегімді өртеген,
Туған жердей көркем өң.
Көкірегімнен кетпейді,
Көмкерген көлдей шер-шемен.
Біздерді көрген өзіңді,
Біз жайлы айтқан сөзіңді.
Пана тұтар, құлыным,
Сана тұтар, құлыным,
Ата-анамнан хабар келді деп,
Көздері тұрар мөлдіреп.
Алдыңнан шықса тұнғышым,
Кетеді-ау жаның елжіреп.
Сол кезде сері қайыным,
Айтқайсың мына сәлемді;
Жаудырап екі жанарың,
(Суалып екі анарым).
Ата-анаңды іштей аңсаумен,
Шықан күнге қарайсың.
Сағыныш жасын тамсаумен,
Бұлттарға көшкен қарайсың.
Сені ойламай, құлыным,
Өткізген менің күнім жоқ.
Ашиды жүйке, жұлыным,
Тыныш ұйықтаған түнім жоқ.
Арқалап арман мұңымды,
Аман бар сері, ұлығым! – деп өкіре қош айтысуы тыңдап тұрғандардың бәрінің еріксіз көзінен жас ағызды. Ат үстіндегі Орынхан да қайыра бірдеме айтқысы келіп еді, көзден жас ерксіз сорғалап,  солқылдап жылап  тебініп қалған екен. Елпек торы ытқый шауып лезде көзден алыстай береді. Қанипа біраз уақыт төсек тартып жатып қалса, Айтбай үй бетін көрмей дала кезіп бір айдай уақыттан соң ғана  аң аулап  үйге оралған екен.

                               Айтбайдың ат баптауды қайта қолға алғаны

Өзінің Алтайда жоғалтқан көк жорғасы мен көк жүйрігінің тұқымы келген соң Айтбай көк жорғаны «Сағынышыңызды басыңыз, қанша айтқанмен туған жерден келген сарқыт қой» деп қайын атасына беріпті. Өзі көк жүйрігін мініп, қолына қыран ұстап саят құрған екен..Дегенмен, қанына тартып Айтбай қайта ат баптай бастапты .Айтбайдың баптаған аты Шеруші руының талай-талай үлкенді- кішілі астарында алда келіпті. 1959 жылы Ұланқұстан Сақсай сұмыны бөлініп шыққанда Айтбай да Сақсай өлкесіне ауысып,  өмірінің соңына дейін  осы өлкеде өмір сүрді. Бала-шағалары да ер жетті, оқыды. Қазақтың ат баптау өнері  өте күрделі еңбек.  Қыран мен жүйірікті қатар баптаған тума талант иесінің еңбегі ақталды. Бүгіндері Сақсай өлкесі жайлы кітап жазылса Айтбайдың аты аталмауы некен-саяқ. Бұл өлкенің айтулы ат бапкері және құсбегісі атанды. Айтбайдан үлгі алып талай атбегілер өсіп шықты. Елге де танылды, талай жүлдесімен өлкенің даңқын асырды..Айтбайдың атбегілігі жайлы әнгіме де бір төбе.

                                Қазақ дәстүрінде бүркіті өлсе жоқтау айтқан
1951 жылы Қытай жақтан Айтбайдың руласы болып келетін батыр ағасы, ұлтының азаттығы үшін атқа қонып, еркіндік үшін қолына қару алған  «Оспан Исламұлы ұсталып, атылыпты» деген хабар жетеді. Бұл қаралы  хабарды естіген  Айтбайдың көңіл куйі жабырқап жүргенде қыраны сілеусінге түсіп  жазым болады. Не аңға,  не малға, тіпті үйіне де қарай алмай еңсесі түсіп біраз қиналып жүріпті.  Бірде «Тентек атаң» аталған Момбайдың шаңырағына қымызға барса керек.  Ол үйдің бәйбішесі өлкеге танымал ақын, әрі Айтбайдың жерлесі  Батиқа Орынханқызы еді. Айтулы ақын, әрі жыршы Батиқа Айтбайдың өлген құсына арнап былай жоқтау айтыпты:
Қайғырма кәне шырағым.
Ақиық еді қыраның.
Құсбегілік ежелден.
Жалғасы ғой мұраның…
Қыран еді қамығар.
Көк тағысы тағы бар.
Аман болса ер жігіт.
Қанатты мен жал құйрық
әлі талай табылар…
-деп құсбегінің қайғысына ортақ екенін білдіріпті. Көп кешікпей торына қыран бүркіт  түсіп, соның алғаш  алған түлкісін өзі қиналып жүргенде қыранына жоқтау айтқан ақын Батиқаға әкеп байлаған екен.

                               Бір жолы екі қоңырды олжалаған
Бұл 1937 жылы Қытай бетінде болған оқиға. Алтайдың Қайырты деген жерінде Айтбай жамағайын ағалары Маян және  Мұқизалармен  бірге аң аулап жүріп, бір белестен шыға келсе алдарында бір аю  үлкен тасты көтеріп жар басында төніп тұр екен. Біраздан соң әлгі тасты жерге қоя салып, қайтадан бір үлкен тасты көтеріп әлгі жерге қайта барып, салмақтап тұрып тасты тастап жіберіп, соңына өзі секіріп кетіпті.Үш аңшы не болып жатқанын түсінбей, мылтықтарын оқтап, бұқпантайлап барып көсре,  аю бұғыны таспен ұрған екен. Артынан өзі секіріп тыпырлап жатқан бұғыны басып жатса керек. Аңшылардың жолы болып  аюды атып алыпты. Ал бұғыны сойып алса керек. Аңшылардың бір оқпен  екі аңды   қатар алғаны туралы  оқиға сол кезде күллі өлкеге жыр болып жайлыпты.   

                               Қас қыран Қоңырбел
Айтбай 1964 жылы  Қоңырбел атты қыранымен ұзақ күн саятта жүріп аң кезікпеген соң Қаратаудың ең бигіне шығып бүркітінің томағасын шешіпті. Аң кезікпегенде биктен томаға шешсе тым алыстағы аңды бүркіт өзі көріп ұшуға талпынады екен. Бұны құсбегілер «тілетіп ұшыру» дейді. Айтбай қыраны тілеген соң қыранын ұшырып қоя беріпті.  Жанында құсбегілер  Райыс, Илақандар болған екен. Айтбайға қарайлап асықпай бүркіт ұшқан жаққа бағыт алып барса, жолда шала жансар тәлтіректеп жүрген қарсақты көріп, ұрып алады. Байқаса бүркіт басын мыжып жіберген екен.  Бірақ бүркіттің өзі жоқ, жан-жақтан іздесе, келесі беттің етегін ала топты шидің арасында қызыл түлкіні басып отыр. Алдымен қарсаққа түсіп, оны бүріп отырғанда қашып бара жатқан түлкіні көріп, қарсақты көтере ұшса керек. Кейін оны  жерге тастап жіберіп, түлкіге ұмтылған екен.Айтбайдың ең сонғы баптағын қас қыраны Қоңырбелі нағыз аңкөс таймас қыран еді.

                               Құсбегінің жары Қанипадай болсын
Айтбай құсбегінің асыл жары Қанипа өмірдегі жұбайы ғана емес қиындық пен жақсы жаманды бірге кешкен,  Айтбайға өмірде де,өнерде де серігі болған асылдың тұяғы. Өмірде 4 ұл 2 қыздың анасы болса, өнерде Айтбай үйде жоқта құсын баптап,  аңға кетсе таңмен тұрып,  аңшылықтан түн қатып келгенше ұйықтамай ерін күтіп алатын, сүйспеншілік бен сыйластықты өміріне серік еткен асыл жары болған қайсар ана. Қанипа текті жердің қызы. Олай дейтініміз, Қанипаның әкесі Тоқтаубай халықшыл, көпшіл адам болған екен. Тоқтаубайдың әкесі Бектас қажы байлығымен, жомартығымен аты шыққан  Алтай өңіріндегі ауқатты байларының бірі болған адам. Тоқтаубай Алтай-Қобдадан жоқ іздеп келген адамдырды үйінде тынықтырып қойып. Сол жоғын досы әрі бауыры Құныпияға айтып, іздетіп тапқызып, айдап әкеп бергізетін қасиетімен дүйім елге танылған жан екен. «Үйірімен жоқ іздесең Бектастың Тоқтаубайына  бар»- дейтін тәмсіл осыдан қалыпты. Тоқтаубайдың тек Қобда бетінде ғана емес, Қытайдың Алтай өңірінде де  ел-жерді жеттік білетін жігіттер арқылы талайдың жан сақтап отырған жалғыз малын іздеп тапқызып бергізетіні жайлы бұрынғыны білетін қариялар күні бүгінге дейін айтатын-ды. Тоқтаубайдан тәлім алған әрі серігі болған Құныпияның  тұнғыш ұлы  Өкей Даян өлкесі,Қара көлдің Ашылы бұлағында жайлап, қыстап, әрі-бері көшкен ел, сапар шегіп, түн қатып үйіне барған адамдарға сол мезетте ақ дастарханын жайып, жатар орыннын жөндеп, қазақы қонақ қылып жіберетінін өз көзіммен  көрген едім. «Әке көрген оқ жонар»-деген осы шығар.  Арғы тегі де көпшіл, қонақшыл жандар екенін естіп- біліп,  «тегіне тартыпты ғой»- деп сүйсініп едім. «Коммунизм құрамыз»  деп  Моңғол үкіметі де байлардың малын ала бастағанда  Тоқтаубай төңіргендегі кедейлерге барлық малын бөліп беріп: «Үкіметтен  де ұят қой. Бұлар да бірдеңе алсын» деп 500 қойды өткізген екен. Міне біздің кейіпкердің жұбайы Қанипаның төркіні осындай еді.  

                               Айтбай тұнғыш ұлын көре алмай кетті
Айтбай құсбегі 1891  жылы қазіргі Қытай халық республикасына қарасты Алтай аймағы  Көктоғай ауданы Қара түнес деген жерде Абдолланың  үшінші  баласы болып дүниеге келіпті. Керейдің  ішіндегі Молқы  руынан тарайды. Жасы 77-ге келгенше саят құрған адам.  1968 жылы  өмірден өтті. Ғұмырында ешқашан  күн үйде омалып отырған жан емес. Қытайдан Монголға көшкенде қалып қойған тұнғыш ұлын бір көруді армандаса да, өле өлгенше көре алмай кетті. Әке арманын орындау үшін екінші ұлы Сәрсенбек 1970 жылдардан бастап Монгол үкіметіне үздіксіз хат жазумен болды. Бірақ ол кезде заман басқа мүмкін емес еді. Тек «қайта құру»  басталған соң ғана 1988 жылы Монгол елі мен Қытай елі елшіліктері бірлесіп Сәрсенбектің хаты бойынша Қытайдағы туыстарына баруға  рұқсат берілді. Оқиға былай болған еді: Сәрсенбектің  баласы Еряның Монголдың Бейжіңдегі  елшілігінде қызмет жасайтын  достары Қытайдың  Үрімжі қаласындағы   Ұлттар баспасында Қаһарман деген жігітті танитындарын айтып, байланыс нөмірін береді.  Осы арқылы жіп ұшы табылып, Сәрсенбек кенже ұлы Ерияны ертіп,  Өлгей-Ұланбатыр-Бейжің-Үрімжі-Көктоғай бағытында барып өзінің туған ағасы Төлеубаймен көрісті. 60 жыл бұрын маңдайларында кекілдері желбіреп жүргенде  екі жаққа бөлініп кеткен  балалар бірі-бірін  қайта көргенде бастарындағы шаштары сиреп, жүздерін әжім басқан 70 тегі қариялар болып кезікті. «Анам бар ғұмырын сені сағынумен өткізді, сен есіне түскенде омыруы иіп сүт ағушы еді. Тіпті, өмірден өтерде, сонғы демі бітерде де  сені жоқтап  кетті»-деуі мұң екен Төлеубай 70 тегі інісін құшақтап ұзақ жылаған екен. Қонақтар бір айдай ата-баба жерін армансыз аралады. Сәрсенбек  Қытайға барып келе салысымен Айтбайдың  қабірінің басына барып, Қытайдан әкелген Ата-бабасының басынан алған бір уыс топырақты салыпты.

                              Ата кәсіпті ардақтаған қария
Айтбай құсбегілік өнерге жол жөнекей келмеген. Қытайдан көшіп келген соң ұзақ жыл Ақжардың басындағы Көк тұмсықты мекен еткен. Бұл өңірде Қобда бетіне танымал  Шерушінің Төлек руының құсбегілері мекен еткен әрі кілең танымал домбырашылар да осында. Даласы ән мен жырға бөленген, аң мен құсқа да  толы аңызды өлке. Жасөспірім кезінде- ақ қағушы ретінде  құсбегілерге  ере жүріп қыран баптаудың қыры мен сырын толық менгерген. Тәжірибелі  құсбегілермен еріп талай саятқа шыққан, өмір бойы осы киелі кәсіпті зерттеп, зерделеп, әбден кемелденген құсбегі еді. Бүркітті сыртына қарап сынайтын, жарақат алса емдейтін. Айтбай  өз кәсібінің шебері еді. Мұнысы – ата кәсіп, салт-дәстүрге атүсті қарамағандығы. Құдай қасиет бермесе, қыран түгілі, жалғыз атыңды  баға алмай арқасын кетіресің. Ендеше, Айтбайдікі – бойына Тәңір берген  талант. Қанға сіңген қасиет. Бабалардан ұрпаққа жалғасқан төл өнердің жалғастырушысы .Құз-жақпары қым-қуыт Сақсайдың сай салалары жігіт арманын бара-бара  ұлы мұратқа айналдырды. Ақыры өлке құсбегілерімен бірге салбурында құс салып, ырғақта қыран тербетті .Дегеніне жетті. Қазақтың құсбегілік өнерін ұрпақ санасына мықтып сіңіріп кетті.Ата кәсіпті Райыс,Әміржан, Қабый, Шаштақын, Илахан, Бардамбай, Әукебай, Мешітхан, Адасхан сынды талай құсбегілерге  үйретті. Өзінің тәлім-тәрбиесін айта жүріп ұзақ жылдар салбырауында бірге болды. Ел-жұрт Айтбайды «Қария»- деді. Ол  күллі қазақтың саятшылық  өнерін өз заманында биік тұғырға көтере білген қазақтың кәдірлі Қариясы еді.

Жанарбек Ақыби

Жебе порталында  жаряланды

http://www.zhebe.com/index.php/madeniet/item/1515-k-sbegi-ajtbaj.html

Қытайдағы қандастар сайтында мына сілтемеде

http://www.senkazakh.com/kz/forum.php?mod=viewthread&tid=181754

Жәнеде

http://mongolianislam.mn/kz/?p=19680

http://qazaq-alemi.kz/more?page_id=22&id=1191

Advertisements

One thought on “Жанарбек Ақыби:- АЙТБАЙ Құсбегі.”

Janarbek

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s