Шынжырланған палуан


Аңшылық хикаялары сериясы

Қазақ аңшылары мен саятшылары жайлы халық арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Бұндай оқиғалардың астарында ұлтымыздың байырғы таным-түйсігі, салт-дәстүрінің көріністері жататынын көбіміз аңғара бермейміз. Әрі саятшылықтың біз білмейтін, біз көрмеген қызық-шыжығы қаншама. Осы орайда қазақтың этномұрасын жиып-теріп жүрген Жанарбек Ақыбидің «Шын» ақпарат агенттігі үшін арнайы жазып жіберген Моңғолиядағы аңшы қазақтар туралы бір шоғыр әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Алып күш иесі Қожалақ

Керейдің ақсақалдары наймандар ас бергенде ру намысын асқақтатып көтерер білекті палуан таппай қынжылады. Ақыры көпшілік «қара күш иесі Қожалақты алыңдар, содан артық палуан таппайсыңдар» деп ақыл қосады. Ел жайсаңдары Қожалаққа «Күреске дайындал» – деп айтайық деп шақыртса келмейді, өздері келсін деп қырысыпты. Амал жоқ, бір қырсықпен қырысып жүрер уақыт аз, ел намысын ту еткен ел жайсаңдары кедейлеу өмір сүретін Қожалақтың басын бүрістіріп тіккен күркесіне өздері келеді.

Үйге сыймасын білген билер далада отыра қалып сөз бастайды:

– Найман палуаны алысқанын алып ұрады, жұлысқанның жұлынын үзер нағыз күштінің өзі дейді, – деп Қожалақтың намысын қайрай сөйлейді, – Соған қарсы күресуге сені таңдадық. Наймандар бергелі жатқан аста күресіп ру намысын қорғауды тапсырамыз.

Қожалақ:- Пах! Соны палуан деп жүрсіңдер ме? Бірақ мен бара алмаймын, – дейді.

Бара алмайтын себебін білсе, баяғы кедейшілік, жақсы күресу үшін нәрлі ауқат керек. Палуанда ондай мал жоқ, тіпті басында жібі түзу үйі де жоқ. Сондықтан бармаймын деген екен.

Ел ағалары ақылдаса келе Қожалақтың басына 8 қанат үй көтеріп беріп, қорасын малға толтырып, құл-күңдерін наймандардың асына дейін Қожалақтың ас-суын дайындап күтуге жіберіпті.

Күнінде бір қойдың етін жейтін Қожалақ қойдың етін турамай-ақ қасқырша жұлып- жұлып жей салады екен. Күреске дайындалар кезде қарсыласар кісі таппай, асау атты шалмасыз қолмен ұстап, сыйырларды допша домалатып көтеріп қоя салады екен. Сонымен сауын айтылып, жар салған астың уақыты да келеді.

Наймандардың асына Қожалақты есік пен төрдей көк атқа мінгізіп, қол-аяғын кісендеп, шынжырлап алып барады. Наймандар да өз палуандарының рухын арттыру үшін атан түйеге палуанын мінгізіп, қол-аяғын қайыспен байлатып, жан-жақтап атты адамдар арқанмен тартқылап

әкеледі. Ол заманда бір тойда бір рудан жалғыз палуан ғана күресетін әдет екен. Қос алыптың бірі арқаннан, бірі кісеннен босай сала жолдағыларды таптай бір-біріне ұмтылып күресе кетеді. Найман палуаны қарсыласын шап беріп бүркітше алқымдап, ұстай салып иіріп әкеп лақтырып жібереді екен. Осы әдісімен Қожалақтың үстіндегі құлын жарғақты ұстай алып иіргенде құлын жарғақты тіккен қайыстар пырт-пырт үзіліп найман палуанының қолында кетеді. Оны лақтырып жіберіп қайта ұмтылғанда Қожалақ шап етіп қапсыра құшақтап тіке көтере бере ырғытып-ырғытып лақтарып жібергенде тепе-теңдігін ұстай алмаған палуан жер қауып тоңқалаң асып түсіпті.
Бағы жанып Қожалақ жеңіске жетіп, жамбы бастаған тоғыз-тоғыз бас бәйгені иеленген екен. Керейлердің алдын ала дайындаған Қос күрең жүйрігі де сан жүйріктің алдын бермей келсе, күйші-сыбызғышылар сол тойдың өзін сыйпаттап ән-жырдан шашу шашып дүйім елді тамсандырған екен.

Осыған намыстанған найман руының кейбір ұрдасоқ жігіттері Алтай бетіне асып бір топ жылқы барымталап кетеді. Қожалақ бастаған топ қуып барып айырып алады. Палуан:

– Мен Қожалақпын. Осыдан бір түс жердегі қарауыл төбеде бір күн ерулейміз. Шамаларың жетсе малды сол жерден келіп тартып алыңдар, – дейді.

Егескен наймандар қол жиып, тартып алмақшы болып бұлардың артынан қуады. Қуғыншылар қалың қолмен қуатынын білетін барымташылар жылқыны жыныс орман ішімен айдайды. Жолда аю кезігіп, аттыларға ұмтылғанда Қожалақ аюды алып соғып, байлайды да, қуғыншыларға көретін жерге, жол бойындағы қарағайға тірідей таңып кетеді.

Артынан қуып келгендер мұны көріп кеңесіп, «қой, мерт болармыз» деп кері қайтқан екен. Міне, осы палауан кейін ел қамын жеп атқан қонған Қожалақ батыр атанды.

Жанарбек Ақыби

Бұл мақала мына жерлерде жарияланған

«Шын-ақпарат»    http://shyn.kz/article/view?id=871

«Бақ.кз» сайтында    http://www.baq.kz/kk/diaspora/1081

Қытайдағы қандастардың «Көкөзен»  және «Сен-Қазақ» сайттарында жарияланған екен.

Advertisements

Janarbek

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s